Шықты бәрі шегінен,
Енді қайда шегінем?
Әкем қазір өлгендей,
Еңіреймін, егілем.
Қолдан келер дәрмен жоқ,
Тепеңдеймін, тебінем.
Көптен кеңес болмаса,
Жалғыз өзім не білем?
Қорқам күнде, сақтанам,
Жау төнгендей тап маған.
Дулат көрген зар заман,
Мына бізге жетті аман.
Сан ғасырлар бабалар,
Сары майдай сақтаған,
Асыл тілім қор болды,
Табанында жаншылып,
Тасырлардың таптаған.
Пақыр болса бір сәрі
Ана сүтін татпаған.
Неткен сорлы ел едік,
Қара сирақ, ақ табан?
Жасты көрсем қуанам,
Ана тілін сатпаған.
Тілі шыққан қазақша,
Сәби көрсем шаттанам!
Туған тілін білмесе,
Туған ұлым жат маған!..